Маңғыстаулық полицейлер асыл тұқымды итті иесіне қайтарды

Департаменттің ресми сайтына итін тауып беруге көмектескен учаскелік полиция инспекторларына алғысын білдірген оқырман жүгінген болатын деп хабарлайды Маңғыстау облысы Полиция Департаментінің Баспасөз қызметі. 
Мұнайлы ауданы тұрғынының хаски иті жылдың басында үйінен кетіп қалған, ол табылар деген үмітпен әлеуметтік желілерге суретін жариялап, өз бетінше іздеу салған. Алайда одан нәтиже болмай, мамыр айында өздеріне белгіленген учаскелік полиция инспектоларының көмегіне жүгінуді жөн санаған. 
Басқұдық ауылының учаскелік инспекторлары, полиция лейтенанттары Жанболат Сапарниязов пен Шыңғыс Айнабек азаматтан өтініш түскен бойда, белгіленген аймақты түгел аралап шықты. Тәртіп сақшылары аралау барысында, суреттен көрсеткен итке ұқсас итті сол ауылдың тұрғынының ауласынан байқаған. 
«Біз күнделікті елді мекенді аралап, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу яғни ҚР ӘҚБтК 408-бабында көзделген құқық бұзушылықтарды анықтап жатамыз. Өзге иттің көшеде жүргенін аңғарып, иесіне ескерту мақсатында ауласынан жоғалған хаски итін байқадық. Алайда, ол кезде дәлелсіз ешқандай шешім шығармадық»,-деді полиция лейтенанты Жанболат.
Кейіннен жоғалған иттің иесі полицейлерге барып, оның итін OLX хабарландыру сервисіне сатылымға қойғанын айтқан. Ол жақта көрсетілген сатушы жөніндегі мәліметтер, учаскелік инспекторлар аралау кезінде хаски итін байқаған үй иесімен сәйкес келді. 
Осылайша, тәртіп сақшылары хаски болған үйге барып, мән-жайды толық түсіндірді. Итті қолды қылған адамда ол итті біреудің іздеп жүргенінен хабарсыз болған. Сол жерге хаски итінің иесі шақырылып, барлығы оңынан шешілді. 
Асыл тұқымды итінен 4 ай бұрын көз жазып, табылғанына қуанған иесі полиция қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.