Шымкентте 18 шетелдік ел аумағынан аластатылды

“Заңсыз келуші-2023” жедел профилактикалық іс-шарасы барысында мегаполис аумағында күшейтілген режимде рейд жұмыстары жүргізілуде.

Көші-қон қызметінің тәртіп сақшылары құрылыс алаңдарын, шаруашылықтар мен қожалықтарды, базар маңын, темір жол вокзалы мен әуежай аумағына шолу жасап жатыр.

Екі күн бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, ел аумағында болу ережесін бұзған 391 шетелдік пен қазақстандық анықталды. Оның ішінде, Абай АПБ-ның қызметкерлерімен 40-қа жуық өзбекстандық полиция басқармасына жеткізіліп, заң жүзінде жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ 141 азамат қабылдап тарату орталығына орналастырылып, көші-қон заңнамасын бұзған 18 тұлға республика аумағынан аластатылды.

Бұған қоса, полиция қызметкерлерінің көмегімен халықаралық іздеуде жүрген 2 шетел азаматы ұсталып, экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, “Заңсыз келуші-2023” ЖПІШ 2-8 қазан аралығында жалғасады.