Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдары мен облыстағы бизнес саласының өкілдерінің кездесуі өтті, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Түркістан облысының прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасының, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік» корпорациясының «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде бизнесті қорғау мен оның дамуына қолайлы жағдай жасау және мемлеттік сатып алу мәселелері баяндалды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін нақты айтқан болатын. Осы орайда, құқық қорғау органдарымен бірлесе келе кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша заңдылықтың жай-күйін, сондай-ақ бизнестің өткір және маңызды мәселелерін шешудегі проблемаларды есту мақсатында бизнес өкілдерімен кездесудеміз», — деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Қалмұқанұлы.
Кездесуде сөз алған Департаменттің басқарма басшысы Ержан Жүнісов бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлық қысымынан және әкімшілік кедергілерден қорғау — Агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі екенін, жуырда Агенттікпен кәсіпкердің Жадынамасы дайындалғанын, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасындағы проблемалы мәселелерді, «Түркістан» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясында» жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен анықталған жемқорлық тәуекелдері мен комплаенс офицерлерімен жүргізілетін жұмыстар туралы толық мәлімет берді.
Сонымен қатар, Ержан Әліұлы сөзінің соңында бизнесті қорғау біздің басты міндетіміз болып табылады деді. Осы ретте жиынға қатысушыларды белсенді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа шақырды.
Келесте кезекте «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының басшысы Амангелді Қалыбек «Әділдікті талап ет!» республикалық акциясы аясында жүргізілген қоғамдық мониторингтік жұмыстардың қорытындысы туралы баяндап өтті.
Жиын соңында проблемалық мәселелер анықталып, кәсіпкерлерге қатысты заңдылықтың бұзылуына жол бермеу және одан әрі шешу алгоритмі әзірлену бойынша шешім қабылданды.